Атырауда 30 отбасы жаңа пәтерлердің кілттерін алды
Русский0
Атырауда әлеуметтік осал топтардан 30 отбасы сатып алу құқығымен жалға берілетін пәтерлердің кілттерін алды.
Жаңа пәтер иелері арасында көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, I және II топтағы мүгедектер, сондай-ақ жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар бар.
Жаңа пәтер иелерін Атырау облысының әкімі Болат Ақчуланов құттықтады. Ол халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қалатынын атап өтті.
— Тұрғын үй — әр отбасының әл-ауқаты мен ертеңгі күнге деген сенімнің негізі. Мемлекет басшысы азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. Бұл жұмыс біздің өңірде де белсенді жүргізілуде. Біздің басты мақсатымыз — халықтың өмір сүру сапасын арттыру және әр отбасы үшін жайлы жағдай жасау. Бүгін сіздер үшін жаңа өмір кезеңі басталады. Сіздердің үйлеріңізде әрдайым балалардың күлкісі, бақыт пен әл-ауқат болсын, — деді өңір басшысы.
Пәтерлер Баймұханова көшесі, 50/2 үйде орналасқан. Оларды бөлу «Отбасы банк» АҚ-ның орталықтандырылған тәртібімен азаматтардың тұрғын үй есебіне қойылу күні мен олардың категорияларының басымдылығын ескере отырып жүзеге асырылды.
Мұндай механизм тұрғын үйді бөлу процесінің ашықтығын және бірегей тәртібін қамтамасыз етуге арналған.
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимованың айтуынша, Атырау облысы әкімдігімен бірлескен жұмыс нәтижесінде тұрғын үй кезегінде тұрған 470 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Өңірде тұрғын үй құрылысын жүргізу және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасын табады.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ.
