Махамбет ауданында Жайық жағасын бекітуге 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді
Русский0
Атырау облысының Махамбет ауданында төрт елді мекенді тасқыннан қорғау үшін Жайықтың жағасына бетон бөгеттер салынып жатыр. Үкіметтің қолдауымен жобаға 34 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Жалпы ұзындығы 15 шақырым болатын қорғаныс құрылыстарын 2027 жылдың ортасына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл туралы «24KZ» телеарнасы хабарлады.
Махамбет ауданында тоғыз ауылдық округ бар. 2024 жылғы көктемгі тасқын кезінде аудандағы жеті ауылға су басу қаупі төнген. Соның бірі – Жайықтың жағасында орналасқан Алға ауылы. Сол кезде ауылды су қоршап, тұрғын үйлерге қауіп төнген еді.
Қазір Алға ауылының тұсында ұзындығы 3,2 шақырым болатын бетон бөгет салынып жатыр. Жағалауды бекіту жұмыстарының 70 пайызы аяқталған. Келісімшарт бойынша мердігер құрылысты 2027 жылдың көктеміне дейін бітіруге тиіс.
Жоба жетекшісі Орынғали Хасанның айтуынша, жұмысшылар алдымен өзен жағасына 960 қада қаққан. Содан кейін жағалауды бекітетін құрылымдарды орнатып, бетон жабынды құюға кіріскен. Құрылыс алаңында 20-дан астам адам жұмыс істеп жатыр. Жұмысқа бес арнайы техника мен үш жүк көлігі жұмылдырылған.
Алғадан бөлек, аудан орталығы Махамбет ауылында және тағы екі елді мекенде өзен жағасын бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл нысандардың құрылысын да 2027 жылы аяқтау көзделген.
Ауданда бұдан бөлек тағы үш жоба әзірленген. Махамбет аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Асылхан Шакимовтің айтуынша, Еспол мен Сарайшық ауылдарында және Сарытоғай шағынауданында қорғаныс құрылыстарын салу жоспарланып отыр.
«Үш жобаның қазіргі таңда жобалық құжаттары толықтай дайын. 2027 жылы облыстан қаржы сұратып, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаймыз деп жоспарлап отырмыз», – деді Асылхан Шакимов.
Осы үш елді мекенде құрылыстың қашан басталатыны облыстық бюджеттен қаржы бөлінуіне байланысты.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ.
