Атырауда 500 мың теңге салынған әмиянды тауып алған оқушыларды полиция басшысы марапаттады
Русский0
Бүгін, 20 қарашада, Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев ішінде 500 мың теңгесі бар әмиянды тауып, полицияға тапсырған оқушыларды өздері білім алатын мектепте марапаттады.
Еске сала кетейік, кеше Алан есімді 5–6-сынып оқушысының достарымен бірге қомақты қаржы салынған әмиян тауып алғаны туралы ақпарат тараған болатын.
Балалар табылған ақшаны өзара бөліспей, жақын маңдағы полиция қызметкеріне тапсырған. Кейін тәртіп сақшылары әмиянның заңды иесін анықтап, жоғалған затын қайтарып берген.
Оқушылардың адал әрекеті назардан тыс қалмады. Облыстық полиция департаментінің басшысы Оңал Бекеев балалар білім алатын мектепке арнайы барып, оларды адалдығы мен жауапкершілігі үшін марапаттады.
Жас жеткіншектердің бұл әрекеті көпшілікке үлгі болып, адалдық пен адамгершіліктің жасқа қарамайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ.
